..Міне, тағы да М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің атшаптырым ауласынан кіріп келеміз. Тағы да дейтініміз, кеше де мұнда соғып, 1907-1911 жылдары Жаһанша атамыз білім алған заң факультетінің корпусында болып кеткенбіз. Корпус сыр беретін корпусқа ұқсамайды. Кешегі ғасырда қалай тұрды, бетіне әдемі сылақты жағып – жағып алып, бүгінгі күні де солай тұр. Дегенмен, көненің аты көне. Кішкене көз тоқтатсаң, мына қабырға, ана еден, мына баспалдақ кешегі Жаһаншалардың жастық дәурені жайлы дастан бастап кеткісі келіп тұр.

Тағы да қиялға беріле бастадық. Бұл жерде бүгінде Азия, Африка елдері институты орналасқан. Біз сол институт директорының орынбасары Азия, Африка және Кавказ елдері кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы Жібек Сапарбекқызы Сыздықовамен жүздесуге келіп тұрған адамдармыз негізі. Дәметкен апамыз таңмен телефон арқылы тілдескенінде, түскі бірде келерсіздер деген. Біз белгіленген уақыттан сәл ертелеу келіп, күтіп тұруды дұрыс санадық. Кенет екінші қабаттан түсіп келе жатқан аққұба қыз жанымызға келді де Жібек Сапарбекқызының күтіп отырғанын айтты.

Жібек Сыздықованың жұмыс кабинетінің терезесі Кремльге қарсы орналасқан екен. Қанша дегенмен қазақ қой, апамыз жайнатып дастархан жайып қойыпты. Осы институттың магистранты, өзіміздің қоңыраттың қызы Арай тәттілеп шай ұсынды. Орыстың астанасында, қызыл Кремльдің түбінде отырғанымыз жайына қалды. Қазақтың төріне келгенде, мерейіміздің тасып кеткенін өзіміз де байқадық.

Шай басында ал келіп әңгіме басталды. Көбіне Жібек апамыз сөйледі. Ашылып сөйледі. Өзінің атқарып жатқан жұмысы, Қазақстан тарихы мен қазақ руханиятының жолында тұрған негізгі мәселелерді апамыз талдап, таразылап тұрып айтты. Бір кезде елшілік қызметте болған Қырымбек Көшербаевпен болған әңгімелер, дағыстандық Расул Гамзатовпен сырласуы біздің құлаққа мөп – мөлдір күйінде жетті. Апамыз елді сағынған екен. Сағынбаса, Қазақстан туралы айтқанда жанары жасқа шылана бермес еді ғой. Сағынған, сағынған.

«Меня называют великим горцем. Горец стоит у ног дочери великой степи. Есть ли мечта у эти степи?» Бұл - әйгілі Гамзатовтың сөзі екен. Қазақтың Жібек қызына айтқан тау ақынының сөзі. Жібектің кім екенін, қазақтың кім екенін осы сөз айтып тұрған жоқ па?

Жібек Сыздықова - тап – таза қайраткер адам. Оның әйгілі тарихшы екені, тіпті ғалым екені, өлеңге де таласы бар адам екені бәріне белгілі. Бірақ, қазақтың жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген қарасіңір қайраткерлігі деген... Қысқасы, ол бір екі параққа түйе салатын әңгіме емес. Сондықтан Жібек Сыздықовамен Кремльдің түбінде болған әңгімені алдағы уақытта арнайы мақала қылып дайындауға уәде беремін.

Жібек апамыз кездесуден естелік деп бас – басымызға кітап сыйлады. Естелік кәдесыйды, «Абдолла» кітабы мен «Сырым елі» фотошежіресін қатар қосып, Айнагүл Ойшыбаева да тапсырды. Сыйлық сыйлық, жылы қабылдауы үшін бәріміз де жеке – жеке рахмет айттық. Сосын қызық болды. Институттың студенті, Жібек апамыздың шәкірті Данилл арнайы Сіздер үшін деп «Армандастар» әнін шырқап берді. Бастап айтуын Данилл айтты, кейін өзіміз де қосыла шырқай жөнелдік. Арамызда билегендер де болды. Қазақтың әнін шырқаған орыстың баласы Даниллге, қазақ тілін «тірілей» насихаттап жүрген Жібек апама тіпті де разы болдық.

Біреу әнге жақсы, біреу биге. Ал, ақынға қара сөзден өлең оңай. Мынау Жібек апама деген эспромт өлеңім еді. Оқып бердім. Әсерленіп қалды апам.

Ол өлеңнің түрі мынау:

«Жібек апама

Ұлы еңбек жасаған ұлы ел үшін,

Сен қазақтың қадірлі Жібегісің!

Сен деген Алаш үшін туған жансың,

Өзің осы бағаңды білемісің?

Тарихшысың, тым – тәуір ақынсың сен.

Жо – жо – жо – жоқ! Кәдімгі батырсың сен!

Кірпішпен емес елдің болашағын,

Кітаппенен қалап жатырсың сен.

Жалын бар жанарыңда толып тұрған,

Дайынсың кетуге де болып құрбан.

Сен деген Әлияның жүрегісің,

Орыстың кеудесінде соғып тұрған.

Жансың ғой жылы тіпті жан мінезі.

Адамсың бірақ деген алғыр өзі,

Ұлы дала қызы деп басын иген,

Алдыңда Гамзатовтай таудың өзі.

Жап – жарық жұрт алдында ары жүзі,

Артында жатыр ізгі қалып ізі,

Қып – қызыл Кремльден де біздер үшін,

Биік қой қазағымның сары қызы.»