Ендігі бағытымыз – Мәскеу қаласының маңындағы Бутова зираты. Анау Жымпитыдан келе жатқан негізгі шаруамыз – осы Бутова зиратына бару. Осы жерде біздің арыс, Сырым ауданы, Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Қарақұдық елді – мекенінің тумасы, қазақтан шыққан алғашқы заңгердің бірі, Алашорда үкіметінің қайраткері, Күнбатыс Алашорда үкіметінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың сүйегі жатыр.

Бутова – Мәскеу қаласының оңтүстік – батыс әкімшілік округінде орналасқан. Зираттың әкімшілік ауласында алтын күмбезді ақ ғибадатхана бар екен. Бұл - Орыс провослав шіркеуінің поместьелік соборы болып шықты. Соборға биыл 100 жыл толып отыр. Собордың ішіне кірдік. Кіргеннен кейін, оң жақ бетте сауда сөрелері бар. Сөрелер діни кітаптар мен майшамдардан және иконалардан самсап тұр. Собор қызметшісінен зиратта жатқан марқұмдардың есімдері тізілген кітаптарды сұрадық. Әрі ақтардық, бері ақтардық. Іздегеніміз – Жаһанша Досмұхамедов. Табылды. Экспедициялық құрамның мүшесі, Сырым ауданының орталық мұсылмандар мешітінің бас имамы Бақытжан Сабырәлиев №3 кітаптың 82 бетіндегі «Дос – мухамедов Джаганша...» деген жазуды алдымызға тоса қалды.

Әрі қарай толықтырсақ:

«Дос-Мухамедов Джаганша. Родился в 1887 году в ауле №3, Жымпитынского района, Западно-Казахстанской области; казах; образование высшее юридическое; беспартийный; пенсионер, бывший заместитель председателя Всероссийского комитета мусульман, до революции был заместителем прокурора Томского окружного суда. Место жительство: Москва, переулок Хавско-Шаболовский, дом 11, квартира 265. Арестован 1 июня 1938 года.

16 июля 1938 года осужден тройкой при НКВД Московской области по обвинению в тесных связях с казахской контрреволюционной организацией и «врагами народа». Расстрелян 3 августа 1938 года. Место захоронения – Московская область, Бутово. 2 декабря 1957 года реабилитирован».

Справка из расстрельного списка полигона в Бутово

«Мартиролог расстрелянных и захороненных на полигоне НКВД «Обьект Бутова» 08.08.1937 – 19.10.1938» деген келесі бір қызыл мұқабалы кітапта «ДОС – Мухамедов Джаганша, 1887, м.р.: Казахская АССР, Уральская обл., Джамбейтинский р. Расстр. 03. 08. 38.» деген жазу және бар.

Жоғың табылды деген - осы Осы кезге дейін Алаш тарихында Жаһанша Досмұхамедовқа қатысты бір мәлімет бүгін тап – таза нақтыланды.. Біз түу Жымпитыдан Мәскеуге осы үшін келіп тұрмыз ғой. Алла сәтін салды!

Собордан шықтық та Бутова полигонына қарай жүрдік.

ХХ ғасырдың 30 – шы жылдарының ортасы мен 50 – ші жылдардың басында Бутово полигонында НКВД ондаған мың адамды атып, осы жерге жерледі. Жерледі деген бер жағы, атылған марқұмдардың денелерін осы жерге әкеліп лақтырып тастады десек дұрысырақ болады. НКВД наркомы Н. Ежовтың бұйрығы арқылы іске қосылған «жаппай ату механизмі» Бутова полигонын нағыз тозаққа айналдырды жіберді. Алғашқы ату 1937 жылдың 8 тамызы күні басталды. Сол күні 91 адам жазықсыз жазаға ұшырады. Бұл сан 20 762 – ге барып бір тоқтады. З7 – нің тамызынан 38 – дің қазанына дейін осыншама адам жазықсыз жер жастанды.

Полигондағы жерлеу былай болған. Әуелі тереңдігі 3 метрді, ал ұзындығы 150 метрді құрайтын траншея қазылған. Атылған адамдар осы траншеяларға лақтырылған. Күн сайын Бутовада 100 шақты адамға ату жазасы орындалып отырды. Тіпті, 300, 400, 500 адамға дейін атылған күндер болған. 1938 жылдың 28 ақпаны - айуандықтың «атаулы күні» болған шығар. Осы күні Бутова полигонында 562 адам атылыпты. Атылғандардың ең жасы – 13 –тегі бала. Есімі - Миша Шамонин. Ең үлкені – 80 жастың шамасы.

Атылғандардың тізіміндегі анықтамада көрсетілгендей Жаһанша Досмұхамедов 1938 жылы тамыз айының 3 күні атылған. Осы күні Бутова полигонында жалпы саны 120 адам ату жазасына кесілген. Бұл полигонның тақтасынан алынған нақты дерек. Ендігі жерде анық қолдануға болады.

1997 жылы Бутова полигонында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Бір траншеяның шеті ашылған. 12 шаршы метр шұңқырдың өзінен 5 бірдей жерлеу қабаты шыққан. Мамандар, осы аядай жердің өзінен 149 адамның сүйегін есептеген. Сұмдықтың шегі жоқ болып тұр тіпті.

Полигонның ауласы тоғайға айналған. Ауланың ішінде ұзын – ұзын төмпелер жатыр. Бұл марқұмдар жатқан траншеялар ғой кешегі. Осылардың біреуінде Жаһанша да жатыр. Қайсысы екенін ешкім білмейді. Аулада ағаш храм бар екен. Бізді қақпаның басынан шіркеу әдебиетін таратушы Наталья Шалаева қарсы алды. Ішке қарай кіріп, ақпараттық тақталармен таныстық. Тақта тарихтан сайрап тұр. Бәрін суретке түсіріп алдық.

Бүгінгі күні «Бутова полигонының» ауласында «Сад памяти» мемориалдық кешенінің құрылысы жүріп жатыр екен. Полигонда жатқан марқұмдардың есімдері енді «Сад памяти» мемориалдық кешенінің тақтасында жазулы тұрады. Жұмыстар әлі бітпепті. Дегенмен тақталардың көбі қондырылған. Жағалап келеміз. Алдымызда 1938 жылдың 3 тамызы күні атылғандардың есімдері. Міне – Дос – мухамедов Джаганша! Тақтаға еніпті. Біз үшін тағы бір тарихи жаңалық. Тақтамен танысып жатқан шамада, жанымызға Кирилл әкей келді. Кирилл Каледа – осы жердегі храмның иерейі. Өзінің әкесі де жазықсыз атылып, Бутованы мәңгілік мекен қылған марқұмдардың бірі.

Кирилл Каледа біздерді өте жайдары қарсы алды. Өзінің негізгі мамандығы – геолог екен. Қазақстанның Ақтөбе облысы, Қызылорда облыстарында іссапармен болған. Тіпті Жымпитының үстімен де бірнеше рет өткен. Орал жайлы да біледі. Шаған өзені есінде екен. Бәрі есіне түсті. Бізді тыңдады. Жаһаншаның қайраткерлігі жайлы естігенде толқыды.

- Мен бұл жерде жаңа Қазақстанның мемлекеттілігінің басында тұрған Жаһанша Досмұхамедов сияқты тұлғаның жатқанын білмедім. Жаһанша – қай құрметке де лайық адам екен. – деді.

Біздің экспедициялық топ иереймен ұзақ әңгімелесті. Кейін экспедиция мүшесі, Сырым аудандық мешітінің имамы Бақытжан Сабырәлиев Бутова полигонындағы зиратта жатқан марқұм мұсылмандардың және әдейілеп тұрып Жаһанша атамыздың рухына арнап Құран оқыды. Кейін полигонның ауласына Жымпитыдан алып келген бір уыс топырақты салдық. Бір уыс топырақты кері алдық. Бұл топырақты Жымпитыдағы Алаш саябағына алып барамыз, Алла қосса! Бір қарағанда бір уыс топырақта тұрған ештеңе де жоқ, бір қарағанда бір уыс топырақта көп мағына жатыр. Түсінген адамға...

Бүгін бір ыңғайсыз күн болды деп едік қой басында. Олай болмады. Сәтті күн болды. Рух жаңғырған күн болды біз үшін.